KZ
Эксплуатация электрических сетей

"Маңғыстауэнергомұнай" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры - Нурдаулет Рахымұлы Қосбаев

"Маңғыстауэнергомұнай" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры - Нұрдаулет Рахымұлы Қосбаев

Ұжым қызметін атқарудағы терең білімділікті, заманауи озық инновациялық тәсілдерді ұштастыра білген энергетик басшы – Нұрдаулет Рахымұлы Қосбаевтың әріптестер арасындағы алар орны ерекше.

Маңғыстау ауданындағы Шетпе кентінде № 2 орта мектепті бітірген зеректі жас Алматы энергетикалық институтын ойдағыдай бітіріп, еңбек өтілін 1987 жылы «Мангышлакнефть» Өндірістік бірлестігінің климаты қатал «Қаламқас» кен орнында электромонтер мамандығынан бастады. Өзінің іздемпаздығының, қызметке деген жауапкершілігінің арқасында жас маман желілік аудан бастығы, жөндеу – прокаттау цехының бастығы лауазымына дейін көтеріліп, 1996 жылдан бастап «Маңғыстауэнергомұнай» Серіктестігінің құрылуымен қатар, осы ұжымның бас инженері қызметін атқарды. Жаңадан құрылған ұжымның құрылымдық бөлімшелерін құруда, кенорындардың техникалық базаларын жасақтауда, ұжымның кәсіби мамандарын іріктеуде және т.б. ұжымның ірге тасын қалауда Н.Р.Қосбаевтың ерен еңбегі зор, әсіресе  апатты жағдайларда дер кезінде нақтылы шешім қабылдай отырып, Серіктестікті қиыншылық кезеңдерден қиналмай өткізе біледі және де қызметкерлерден талап ете біледі.

Интернет желісін жүйелі пайдалана отырып, қолданыстағы  ескі электр желілері мен электр қондырғыларын, заманауи жаңа, соңғы техника жетістіктеріне сай алмастыруда да көп еңбектенді. Оның табанды еңбегі нәтижесінде, «Қаламқас», «Жетібай» кенорындарындағы 6 кВ тарату пункттеріндегі майлы айырғыштарды, вакуумдық айырғыштарға толықтай ауыстырылып, релелік қорғаныс кұрылғылары, микропроцессорлық қорғаныс құралдарымен, Қаламқас кенорнындағы 35 кВ қосалқы станциялардағы 35 және 6 кВ тарату қондырғылары да соңғы техникалық жетістіктеріне сай  жабдықталған КРУМ-35кВ, КРУН-6кВ тарату қондырғыларына алмастырылды. «Қаламқас», «Жетібай» кен орындарындағы 6 кВ тарату  пункттеріне, 35 кв қосалқы станцияларға және де жедел- реттеу қызметтеріне СДТУ және АСТУЭ желілерімен жабдықтатты.

«Қаламқас», «Жетібай» кен орындарындағы электрэнергиясын ұтымды да, үнемді пайдалану үшін, «Солтүстік Қарағия» кенорнында 110 кв, «Жетібай» кенорнында 35 кв «УСГ» қосалқы станцияларының салынуына қосқан үлесі де  зор.

Серіктестік директорының әлеуметтік және даму жөніндегі орынбасары қызметін атқара жүріп «Жетібай» кенорнында жұмыс істейтін қызметкерлерге 54 орындық жатақхана, «Жетібай» және «Қаламқас»  кенорнында электржабдықтарына және арнайы техника жабдықтарына жөндеу жұмыстарын  жасайтын ангарлар салуға ат салысып, оларды уақытында пайдалануға берді.

Серіктестіктің жылдық қазыналық бюджетін жасақтауда, оны тиімді пайдалануда озық экономистік шеберлігін де көрсете біліп, экономистер мен есепшілерге басшылық жасап отырды. Ағымдық күрделі жөндеу жұмыстарын жоспарлап, оны тиімді қаржыландыруда да басшылықты өз қолына алып, оны үнемі қадағалап, орындалуын тексеріп отырады.

Бірнеше жылдардан бері Қаламкас кенорнындағы газ-трубиналық электрстанциясын (ГТЭС) пайдалануға бергенде де, оның терең білімі мен біліктілігінің арқасында үлкен нәтижеге қол жетті.

Қазірде 450-ден астам жұмысшы ұжымын басқарып отырған, «ҚазМұнайГаз» акционерлік  қоғамының бірден бір, бетке ұстар еншілес компанияларының бірі «Маңғыстауэнергомұнай» серіктестігінің бас директоры.